Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар инвестормен кездесіп, бірлесе жұмыс істеу жолдарын талқылады. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді терең өңдеп, экспортқа шығару, туриситік нысан салу, индустриалды аймақтарды дамыту жолдары кеңінен сөз болып, меморандумға қол қойылды.
Кездесудің өтуіне ҚХР-ның Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының үлесі зор. Өңірдің инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін таныстырған Нұралхан Көшеров Түркістанның көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтып өтті. Бұл ретте бірегей инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру көзделген. 7 мың жұмыс орны ашылады. Өңірде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд.теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мақта нарығында мемлекеттік реттеуді қалыптастыру мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 3 мақта өңдеу зауыттарын салу жобасы қолға алынып отыр.