Арнайы рейд жұмыстары көше бойларында да жүргізілуде. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек ағымдағы жылдың 5 ай көлемінде ауданда жалпы 8 мал ұрлығы тіркелген. Жалпы 10 бас ұрланған. Қуантарлығы бұл өткен жылдарға қарағанда аз көрсеткіш. Дегенмен біреудің адал еңбегімен жиналған малына көз тігіп оңай олжа еткісі келетіндер әліде жоқ емес. Малдың таңбаланбауы орын алған қылмыстық істі ашуға, алдын алуға кедергі. Өзекті болып отырғаны осы мәселе. Осылай деген полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алуда төрт түлікті бірдейлендіру маңызды дейді.

Ішкі істер қызметкерлерінің мәлеметінше мал ұрлығының алдын алу жұмыстары барысында жыл басынан бері 147 мал тиеген жүк автокөліктері тексеріліп, сатуға алып келе жатқан үй жануарларының құжаттары болмаған және сырғаланбаған 33 дерек анықталған. Одан бөлек қараусыз жүрген мал иелеріне құқық бұзушылық бойынша 377 хаттама толтырылған. Ал өткен жылы мал ұрлығы бойынша бірнеше қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған.

Малдарды қайтарып алуда олардың ені мен қойылған таңбалардың көмегі көп. Белгі салынған малды тасымалдау ұрлықшыларға оңай соқпайды  дейді полицейлер. Осы орайда әкімшілік, мал иесі, бақташымен үш жақты келісімшарт жобасын ендіру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың қорытындысын сәтті орындау мақсатында мобилді топ құрып  рейдтік іс шара ұйымдастырылуда.