29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Бұл ретте, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 360 пәтер белгіленіпті. Бозарық шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде 90 пәтер - 1 бөлмелі болса, 90 пәтер - 2 бөлмелі, ал 180 пәтер 3 бөлмелі екен. Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Ол үшін қандай құжаттар қажет?
29 жасқа толмаған жұмыс істейтін, соңғы 2 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркелген, ел аумағында тұрғын үй жоқ, сондай-ақ, 40 АЕК көлемінде яғни, 122 520 теңгеден жоғары айлық алатын жас сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға үміткер бола алады. Осы орайда, ерлі-зайыптылардың жиынтық айлық табысы есептеледі.
Қолыңызда соңғы 6 айдағы кіріс көзін растайтын анықтамаңыз бен еңбек кітапшаңыздың көшірмесі болса жеткілікті. Қалған қажетті құжаттар деректер базасынан алынады екен. Осы орайда, мүгедектігі бар азаматтар анықтамаларын қосымша тіркеуі керек. Құжат қабылдау «kezekte.kz» сайты арқылы желтоқсан айының 5-не дейін жалғасады.
Жыл басынан бері осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған бағдарлама аясындағы байқаудың екінші кезеңі қорытындыланаған. Нәтижесінде, 286 жас баспаналы болып отыр. Солардың бірі, Ержан Қалдыбек. Жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істейтін жас маман, ай сайын пәтер ақыға төлеген ақшамды, енді үй алу үшін жинайтын болдым деп қуанып отыр.
«Жастар» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 857 жасты сатып алу құқығынсыз жалға берелетін баспанаға орналастыру жоспарланған. Жыл басынан бері екі кезең бойынша 497 жас іріктеліп, оларға пәтер кілттері табысталуда. Ал, үшінші кезең жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Аталмыш бағдарлама аясындағы баспаналар 5 жыл мерзімге жалға беріледі. Осы аралықта жастар үй алу үшін арнайы депозитте ақша жинаулары керек. Айта кетейік, өткен жылы 300 жас қоныс тойын тойласа, 2020 жылы 904 жас дәл осы бағдарламаның шарапатын көрген.