Бүгіннен бастап елімізде шетелдік көліктерді тіркеу басталды. Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасатын болады. Қазір Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылған халықтың қарасы қалың. Сырттан келген авто көлік рәсімдеудің жолдары қандай? Қандай құжаттар талап етіледі?


Бағжан Молдахмет осыдан бірер жыл бұрын Грузия елінен КІА оптима маркалы көлік әкелген болатын. Бүгінге дейін ол сенім хатпен жүргізіп келді. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылып отырған бірреттік шара Бағжанға тиімді болып отыр. Көлік рәсімдеу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы берген. Бүгін таңертең ұялы телефонына хабарлама келіп түсіп, қазір бірер минуттан кейін мемлекеттік номерге қол жеткізбек.
Өтінімді ІІМ қарайды. Егер сіздің жеке кабинетіңізге өтініштен бас тарту жөнінде хабарлама келсе онда ХҚКО барудың қажеті жоқ. Оның себебін білу үшін тікелей мемлекеттік органға хабарласқаныңыз жөн.
Ескеретін бір жайт. Алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге төленеді, ал ТЕХ паспортқа 4313 тг, мемлекеттік номер үшін 9660 тг көлемінде ақы төлейсіз, осыдан кейін ғана техникалық паспортпен мемлекеттік номерге қол жеткізесіз.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бірреттік акция ретінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Тіркелетін шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.