Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынымдарына сәйкес әр 5-10 жыл сайын ауыл шаруашылығы санағы өтуі тиіс. Елімізде 2006-2007 жылдары алғашқы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткен. Содан бері үй жануарлары мен өсімдіктің есебі алынбаған. 2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланып отыр. Осыған орай пилоттық жоба ретінде әр өңірдің бір аймағында санақ жүреді.  


 Шымкентте Ақжар тұрғын алабы таңдалып отыр. Осы санақтың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және обьективті бейнесі алынады. Елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастыратын тауар өндірушілердің мәліметтері тіркеледі. Әрбір санатының рөлі туралы толық деректер белгіленеді. Санақта жер және егіс алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саны да есепке алынады. Қора жайларды да нақтылау көзделген. Пилоттық санақ мемлекеттік қызметкерлермен еңбек шарты бойынша ұлттық санақтарға дайындалу мен оны жүргізу жөніндегі нұсқаушы күшімен жүргізіледі. Мұнда ауыл шаруашылығы құрылымдарынан сұхбатшылар арқылы қағаз жүзінде сауалнамалар толтырып жүргізілген болатын.