Президент жолдауында білім саласына айрықша басымдық берілді. Мемлекет басшысы мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін енгізуді тапсырды. Жаңа пән жасөспірімдердің технологияға бейімделуін арттырады деп күтілуде. Цифрландырудың білімге серпін беретінін мегаполис басшылығы да растайды. Бұл мәселе зиялы қауым бас қосқан жиында талқыланды.
Зерттеу барысында Шымкенттегі 150 мектептің 74-інде білім сапасы 50 пайыздан төмен екені анықталды. Ал ұстаздардың біліктілік деңгейі – 90-95 пайыз. «Ауруын жасырған өледі, айтпасақ сөз жетім», – деді қала әкімінің орынбасары.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ұстаздардың сапалық құрамы жоғары. Категориясы білікті мамандар. Бірақ берген тәлімі 50 пайыздан төмен. Президент жолдауында да осы мәселе көтерілді.
Қазір оқушылардың дүниетанымы өзгеріп келеді. Патриоттық сезім – ұлтшылдық емес, білім мен іскерлікке негізделуі керек. Мемлекет басшысы ұсынған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, сондай-ақ «Цифрлық кодексті» қабылдау – елді жаңа өркениеттік деңгейге көтеретін шешім.
КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Жасанды интеллект пен цифрландыру – заман талабы. Оған қарап отыруға болмайды, іске асыру керек. Цифрландыру арқылы қоғамның да, жастардың да көзқарасы өзгеріп жатыр. Бұған көзіміз жетті.
Мектептер тәртіп мәселесіне де ерекше көңіл бөлуде. Барлық білім ұясы бейнебақылаудың ортақ жүйесіне қосылған. Дегенмен оны кеңінен пайдалану әлі де баяу. Мегаполистегі әдістемелік орталықтың 25 маманы жылына небәрі 1350 сабақты ғана зерделейді. Жаңа технологияны толық қолданса, бұл көрсеткішті екі есеге арттыруға болады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазір камералар арқылы Текесу мен Жыланбұзғанға бармай-ақ, 25 мың сабақты қарап шығуға мүмкіндік бар. Бұл – цифрлық технологияның жетістігі.
Президенттің айтуынша, Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. «Қазақстан цифрлық дәуірде артта қалмауы керек. Цифрландыру – елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің басты кепілі», – деді Мемлекет басшысы.