Шымкент қалалық мәслихат төрағасы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Арыз-шағым арқалай келген азаматтар жер, көше, инфроқұрылым мәселелерін сөз етті. Бахадыр Нарымбетов қойылған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.
Алтын алқа иегері Маржан Махмұдова – тұтас өмірін қара жұмысқа арнаған. Жасынан бел жазбай еңбек етіп, егістік алқабында мақта теріпті. Ерен еңбек еленіп, 1997 жылы оған мемлекет тарапынан арнайы жер телімі берілген. Алайда түрлі себептермен әлі күнге өзіне тиесілі аумақты алып, пайдалана алмай келеді.
МАРЖАН МАХМҰДОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
– «Жалғыз маған берген жоқ, жұрттың бәрі алды. Бала-шағасы пайдаланды. Содан бері 20 жыл өтті мен әлі сол жерді ала-алмай жүрмін.» «Үргін-сүргінге салып жатыр. Біресе сатады, біресе үйтеді, біресе бүйтеді. Сандалып жүрміз.»
Кейуана сөзіне құлақ түрген жауаптылар мәселе сот арқылы шешілетінін жеткізді.
АЗАТ ИСЛАМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «ПКА ретінде оны создыруға болады. Қалған жерін тым болмағанда. Оны сотпен кезіндегі жойғанды қайта қалпына келтіру керек.»
Ал Марат Үкібаев кеңес одағаның батыры Тоғанбай Қауымбаевқа көше атауы берілсе екен дейді. Ер есімі ел есінде сақталып, жас буынға үлгі болса деген ниетте. Ұсынысты 5 жылдан бері көтеріп келе жатқан белсенді батырдың елеусіз қалғанына қапалы.
МАРАТ ҮКІБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
– «Соғыстың 80 жылдығына орай батырға көше атауы берілуі керек еді. Бірақ, бір себептермен көшенің атауы берілмеді.» «Өзінің туған қаласында көшесі болмаса.. Ол қалай деген мәселені Б.Нарымбетовтың алдына қойдық. Мәселе шешімін табады деген ойдамын.»
Мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша мәселе министрлік құзырында шешіледі. Жергілікті ұжым Астанаға қажетті құжаттарды жолдаған, алайда ұсыныс кері қайтарылыпты.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Министрлікке ұсынғанбыз. Ұсынған 20 адамның 10 адамына ғана рұқсат берді.» «Біз ұсынған 20 адамның ішінде Т.Қауымбаев болған, бірақ министрліктен келісім алынбады.»
Ал мәслихат төрағасы мәселе жан-жақты зерделенуі қажет екенін айтты.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ
– «Республикалық, облыстық ономастика ол кісіге қарсы болуы мүмкін емес. Оны ойдан шығарыңыз. Мәселе зерделенуі қажет.»
Қоғамдық қабылдау барысында қала тұрғындары мәслихат төрағасына көкейтесті сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.