Шымкенттік фельдшерлер халықаралық чемпионатта топ жарды. Ақтау қаласында өткен халықаралық жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық чемпионатына еліміздің 20 өңірінен мамандар қатысқан.
Үш күнге созылған бәсекеге Ресей Федерациясынан, Беларусиядан және Әзербайжаннан командалар келген. Білім-біліктілік сайысында Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшерлік бригадасы балаларға реанимация көрсету кезеңінде бірінші орынға ие болды. Чемпионатқа дәрігерсіз қатысқанымен, топ кәсіби шеберлігінің арқасында үздік атанды. Жалпы қорытынды бойынша Шымкент бригадасы 5-орынға тұрақтады. Чемпионаттың басты мақсаты – жедел жәрдем қызметкерлерінің білімін арттыру, кәсіби тәжірибесін шыңдау және медициналық көмектің сапасын жақсарту. Мұндай жарыстарда мамандар тәжірибе алмасып, күнделікті жұмыста қажетті озық дағдыларды меңгереді. Білікті бригадалар республикалық чемпионаттарға белсене қатысып, жылда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.