Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Берік Серікұлы Беркімбаев тағайындалды.
Берік Серікұлы 1980 жылдың 1 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында туылған, қазақ, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік заң академиясын және Шеффилд университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі - құқықтану, мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат. Еңбек жолын 2001 жылы Прокуратура органдарында бастаған. 2010-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Әділет министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды. 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары. 2023 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі. 2023 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымында қызмет етті.