Алматы атшабарында ерекше рекорд тіркелді. Қала күніне орай ұйымдастырылған шарада «Топжарған» этно-мәдени орталығының каскадер-шабандозы Ернар Жасұзақ әлемдік көрсеткіш орнатты.


Ернар екі бірдей ат үстінде тік тұрып, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен 2000 метр жол жүріп өтті. Осы жетістігі үшін ол Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енді. Шабандоз осылайша Global Book of Records кітабында өз таңбасын қалдырды. Шараға Дүниежүзілік Рекордтар Кітабының халықаралық рекорд иегері Анатолий Гин мен Азия және Африка елдері бойынша Бас тіркеу офицері Құдайбергенов Қуаныш арнайы қатысып, рекордқа ресми түрде куә болды. Айта кетейік, Ернар Жасұзақ – Шымкент қаласының тумасы және 24 жасында осындай керемет рекорд орнатқан жас талант.


 ЕРНАР ЖАСҰЗАҚ, «ТОПЖАРҒАН» ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КАСКАДЕР-ШАБАНДОЗЫ

Бұл процес барысы оңай болған жоқ. Мен ат спортымен үш жылдан бері айналысамын. Ал бұл рекордқа үш жарым ай уақыт дайындалдым. Қаншама қиындықтар болды, травма алған кездеріміз болды. Аттарымыз ауырған кез болды. Бірақ бұл қиындыққа қарамастан алға қойға мақсатқа қарай тік жүріп рекорд орнатып шықтық. Бұл тек менің емес бүкіл қазақ елінің жеңісі.


Ернар Жасұзақ жасынан ұлттық ойын – көкпарға қатысып, қазақтың батырлық дәстүрін жалғастырып келеді. 2023 жылдан бастап ол «Топжарған» этно-мәдени орталығының құрамында каскадерлік өнер мен жигитовка трюктерін орындап, көрермендерді тәнті етіп жүр. 2024 жылы Қазақстанда өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны барысында үлкен аренада өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.