МӘМС – халыққа қолжетімді медициналық көмек. Маманның айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру – әрбір азаматтың сапалы медициналық қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін жүйе. Сақтандыру қорына аударылған қаражат есебінен тұрғындар емханалық, стационарлық және жоғары технологиялық қызметтерді ала алады.
МӘМС аясында алғашқы медициналық көмек, дәрігерлік тексерулер, зертханалық талдаулар, жоспарлы операциялар, оңалту шаралары тегін көрсетіледі. Бұл – халықтың денсаулығын қолдаудағы үлкен мүмкіндік.
Маман атап өткендей, сақтандыру жүйесі дәрігерлердің қызмет сапасын жақсартуға ықпал етті. Қор қаражаты арқылы емханалар жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заманауи медициналық технологиялар қолданысқа енгізілуде. Сонымен бірге, науқастардың дәрігер таңдау мүмкіндігі де кеңейді.
Жұмыс істейтін азаматтар үшін жарнаны жұмыс беруші аударады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, жеке кәсіпкерлер және басқа санаттағы адамдар белгіленген мөлшерде ай сайынғы жарна төлеуі қажет. Әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Сақтандырылмаған азаматтар тегін көрсетілетін негізгі көмекке ғана қол жеткізе алады. Ал жоспарлы ем мен кеңейтілген қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру мәртебесі болуы шарт. Маман тұрғындарды өз мәртебесін дер кезінде тексеріп, жарнаны уақтылы төлеуге шақырды.
МӘМС – халық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бастама. Маманның айтуынша, әрбір азаматтың жүйеге белсенді қатысуы – сапалы медициналық қызметтің кепілі. Бұл – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның игілігіне жасалған қадам.