Әлем чемпиондарына құрмет көрсетілді. Бокстан әлем чемпионы атанған ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырханға демеушілер атынан пәтер мен автокөлік табысталды. Спортшылардың әкесі де марапаттан тыс қалған жоқ – оған да темір тұлпар сыйға тартылды.


 Шаһар басшысы әлем және Азия чемпиондарымен кездесіп, олардың жеңісін ел абыройын асқақтатқан ерекше оқиға деп бағалады. Ғабит Сыздықбеков Сабырхан әулетіне үш автокөлік пен пәтер сертификатын табыс етті.


 МАХМҰД САБЫРХАН, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

 Біз тоқтамаймыз. Алдымызда Олимпиада тұр. Қазақстан еліне алтын медаль сыйлау – басты мақсатымыз.


 Ағайынды Сабырхандар – бір отбасының қос чемпионы ретінде төл тарихта қалды. Ендігі межесі – Олимпиада шыңын бағындыру. Әкелеріне де арнайы көлік кілті берілді.


АЙДАРХАН САБЫРХАНҰЛЫ, ҚОС ЧЕМПИОННЫҢ ӘКЕСІ

Көңіл күйіміз керемет. Әкімшілік пен демеушілер еңбекті бағалап, үлкен қолдау көрсетті. Балаларымызды тіл-көзден сақтасын. Олимпиада чемпионы болуды нәсіп етсін.


Басқа да чемпиондар демеушілер қолдауымен жаңа баспанаға ие болды. Азия чемпионы Санжар-Әли Бегалиев, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев және әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион Жұмажан Қожамбековқа пәтер сертификаты табыс етілді.


 ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Көп спортшылар қандай сыйлық берілетінін білмеді. Бұл – тосын сый. Кәсіпкерлердің қолдауымен бәрі көлік пен пәтерге ие болды. Алдымызда Олимпиада тұр – медальмен оралуға бар күшімізді саламыз.


Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Бұл рекорд отандық спорт шежіресіне енді.