Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің 110 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті. Айтулы дата аясында «Жұмабек және Жер майдан» атты көлемді зерттеу еңбегінің тұсауы кесілді. Тарихи деректерге негізделген бұл кітап Тәшеновтің ұлт мүддесі жолындағы табанды күресін және жер тағдырына деген айрықша жанашырлығын терең ашады.
Шара барысында оқырмандар кітап авторларымен жүздесіп, туындының жазылу үдерісі, пайдаланылған мұрағаттық деректер мен ұмыт қалған тарихи оқиғалар туралы пікір алмасты. Автордың айтуынша, еңбек – тек естелік емес, ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті нығайтатын тағылымды дүние.
САНЖАР КЕРІМБАЙ, АВТОР
Бұл еңбекті жазудағы мақсатымыз Жұмабек Тәшеновтің ел мүддесі үшін жасаған ерлігін, жерге деген адалдығын бүгінгі ұрпаққа жеткізу еді.
Оқырмандардың айтуынша, туындының әр беті күрделі кезеңдердегі қайсар шешімдердің айғағы. Олар мұндай еңбектердің тарихты терең ұғынуға, отансүйгіштік сезімді оятуға ықпал ететінін атап өтті.
ТАЛҒАТ НАРМАТҰЛЫ, ОҚЫРМАН
Бұл кітапты оқығанда жүрегім ерекше толқыды. Жұмабек Тәшеновтің қайсарлығы мен әділдігі біз үшін үлкен үлгі.
АБЗАЛ ҚАНАБЕК, ОҚЫРМАН
Алғаш рет осы еңбектен қайраткердің жер тағдыры үшін жасаған жанқиярлық күресін тереңірек білдім. Оқып отырып, нағыз халықшыл тұлғаның бейнесін көз алдыма елестеттім. Бұл кітап – тарихымызға деген құрметтің белгісі.
«Жұмабек және Жер майдан» жарық көрген сәттен-ақ қалың жұртшылық тарапынан зор сұранысқа ие болды. Алты мың данамен басылып шыққан еңбектің бес мыңға жуығы қазірдің өзінде оқырмандардың қолына жеткен.