Шымкенттегі Shymkent Hub алаңында көпшілікке Jerleu жобасының маңызы мен мүмкіндіктері таныстырылды. Ұлттық бастама ата-баба ізін сақтап, зираттарды цифрландыруға бағытталған. Көрермендерге бұл жүйе марқұмдардың деректерін іздеуді жеңілдетіп қана қоймай, жерлеу рәсімдерін рәсімдеуді де оңтайландыратыны түсіндірілді.


Бүгінде ел бойынша 1,5 миллионнан астам жерлеу орны сандық жүйеге енгізілген. Пайдаланушылар марқұмның аты-жөнін, өмір сүрген жылдарын, құлпытастың фотосуретін және қабірдің картадағы нақты орнын бірнеше секундта таба алады. Жолды 2ГИС немесе Яндекс.Карталар арқылы да сызуға мүмкіндік бар.


АЙБОЛ НЫСАНОВ, «KAZAEROSPACE» ЖШС ГЕНЕРАЛЬДЫҚ ДИРЕКТОРЫ

Қазақстанның ірі қалаларындағы барлық зираттар жүйеге енгізілді. Бүгінге дейін 2,3 миллионнан астам жерлеу орны цифрландырылды, оның 1,5 миллионы сайтта ашық қолжетімді. Жер телімін бөлу – өзекті мәселенің бірі. Енді бұл процесс онлайн өтінім беру арқылы жүзеге асады.


Жоба арқылы онлайн өтінім беріп, қабір күтімі бойынша қызметтерге тапсырыс жасауға немесе марқұмға цифрлық мемориалдық парақша арнауға болады. Жүйе бос орындарды есепке алуды жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Барлық деректер халықаралық стандарттарға сай қорғалған.