Қазақстандағы орташа зейнетақы көлемі жарияланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 804 миллиард теңгеден астам қаржы зейнеткерлерге төленген.
Бұл соманың 907 миллиард теңгесі – базалық зейнетақыға, ал 1 триллион 897 миллиард теңгесі – ынтымақты зейнетақыға бағытталған. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, елімізде 2 миллион 503 мыңнан астам зейнеткер бар. Республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 142 894 теңге. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 326 теңге, базалық зейнетақы – 47 568 теңге. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ең жоғарғысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылады. Осылайша, зейнетақы төлемдері жоспарлы түрде ұлғайып келеді.