«Фосфоршылар сарайының» тағдыры шешілді! Ескі нысан бұзылады. Орнына жаңа ғимарат бой көтереді. Аталған мәселеге байланысты әкімдік тарапынан түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.


 Мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі сәулет өнерінің туындысы болғанына қарамастан, жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет ордасы ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған. Кейін тоналып, бетондары қиратылып, арасындағы арматуралары кесіліп, ғимарат конструкциясына зиян тиген. Нысан 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткеннен кейін, оған сарапшылар зерделеу жүргізді. Мамандар сарайдың бүнігі ахуалын сараптай келе, оны қалпына келтіру мүмкін емес деген шешім шығарды.  Жаңа ғимараттың құрылысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысады. Жұмыс күзде, ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарланған. Қордың тапсырысы бойынша мамандар болашақ мәдениет сарайының дизайн-жобасын толықтай әзірлеп қойды. Сол аймақтағы мөлтекаудан тұрғындары құрылысы басталмаған жаңа ғимаратқа басқа ат беруді ұсынып отыр.  Жергілікті атқа мінерлер жаңа ғимарат шымкенттіктердің көңілінен шығатынына бек сенімді. Өйткені мұнда, жоспарға сәйкес, нысанның аумағы абаттандырылады. Гүл мен көшеттер егіледі. Субұрқақтар, аллеялар, балалар және спорт алаңдары салынады.