19 наурызда болатын Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионға жуық сайлаушы дауыс бере алады.Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында белгілі болды. Ал, Шымшаһарда 16 сайлау округі жасақталды. Қалалық мәслихатқа 32 депутат сайланбақ.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар реестріне 11 976 406 сайлаушы енгізілген. Олар тұрғылықты жері бойынша алдын ала сайлау учаскелеріне бөлінді. Сайлаушылардың ең көбі – 1 117 507 азамат Түркістан облысында, ең азы – 137 277 азамат Ұлытау облысында тұрады. Еске салсақ, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталды, ол 8 ақпан күні сағат 18.00-де аяқталады. Алдағы мәжіліс сайлауына Қазақстанда тіркелген 7 саяси партия да қатысады.
ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТҚА 32 ДЕПУТАТ САЙЛАНАДЫ
Ал, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы саяси шараға дайындықты бастап кетті. Мәжіліске 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, ал 29 депутат бір мандатты аумақтық округ бойынша сайланады.Енді мәслихат депутаттарын сайлауда әкімнің квотасы деген болмайды. Кезекті науқанға дайындыққа қызу кіріскен аумақтық комиссия, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізуде күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр.20-шы қаңтардан бастап кандидаттарды ұсыну басталды. Бұл шара 8-ші ақпан күнгі сағат 18.00 ге дейін жалғасады. Әзірге Шымкентте бес партия «Ауыл», «Ак жол», «Аманат», «Казақстан халық партиясы» жане «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» тізім бойынша өз кандидаттарын ұсына алады. Шымкент қаласында 16 сайлау округі жасақталды. Саяси партиялар әрбір округ бойынша бір кандидат ұсына алады. Қалалық мәслихатқа 32 депутат сайланады.