Елімізде Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған Массмедиа заңы шығарылады. Бұл заң журналистердің мәртебесін көтеріп ерекше құқық беруі тиіс. Ол үшін заңда қандай тетіктер болуы керек? Министрліктің дайындаған жобасы журналистердің ойынан шығып жатыр ма? Немесе кім қандай баптардың өзгергенін қалайды? Осыған байланысты Түркістанда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосып, заң жобасына өздерінің ұсыныстарын білдірді.     


Арқалағаны алтын, жегені жантақ журналистердің бүгінгі әлеуметтік жайы мақтанарлық емес. Көпшілігі пәтер жалдап күн көруде. Айлығы шайлығына жетпейді. Барлық бюджеттік мекемелердің жалақысы көтерілгенде көш соңында елеусіз қалды. Қаржы мәселесіне келгенде  бюджеттік емес мекеме болып есептеледі. Ал үгіт насихат жұмыстарына келгенде мемлекеттік бола қалады.
Журналистердің құқықтық мәртебесі де айқындалмаған. Журналистің жеке бас қауіпсіздігі заң шеңберінше қорғалмаған. Жекенің меншігіне өтуге болмайды. Мемлекеттік мекемелерден ақпарат алуда ресми сұрау салып 7 күн күтуіңіз керек.
Аудандық газеттердің жайы да жыларман хәлде. Олар жекешелендірілгеннен кейін жазылушылар саны күрт азайған. Салдарынан мемлекеттен берілетін тапсырыс көлемі де төмендеді. Қазір көпшілігі жабылуға шақ қалып  тұр.  Облыстағы 20-ға жуық аймақтық телеарналардың жағдайы да осы тектес. Сондықтан бұл мәселелер егжей-тегжей зерттеліп нақты қолдау осы заңда көрсетілуі керек. Алқалы жиынға Астанадан онлайн  қатысқан сенатор Айгүл  Қапбарова мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Әлішер Мұқажан талқылауда айтылған мәселелер хаттамада көрсетіліп міндетті түрде назарға алынатынын жеткізді.