Шымкентте әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және олардың жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру дұрыс жолға қойылған. Осы мақсатта 333 адамға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қайтарымсыз грант берілді.


Жалпы 2025 жылдың 1 және 2 лектері бойынша 1756 адамнан өтініш түсті. Жалпы оң шешім 336 адамға шығарылды. Қаржы 333 адамға аударылып, 3 адамның есепшоттары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартты. Гранттарды беру процесі екі лек бойынша ұйымдастырылып, өтініштер Enbek.business.kz порталы арқылы қабылданды. Үміткерлер бизнес-жобаларын онлайн жүктеп, кейін арнайы құрылған комиссия алдында офлайн түрде қорғады. Нәтижесінде бірінші лекте – 134 адам, екінші лекте – 199 адам грант иеленді. Екінші лекке арналған комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті. Жеке кәсіпкерлікті бастаған азаматтардың басым бөлігі көп балалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтар. Мемлекеттік гранттар азаматтардың кәсіпкерлікке бет бұруына, табысын арттыруға және ел экономикасына үлес қосуына мүмкіндік беріп отыр. Грант иегерлері болашақта өз жобаларын іске асырып, жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Айта кету керек, мемлекет тарапынан берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуын бақылау міндетті. Бұл бағытта Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалатын болса, ол мемлекетке қайтарылуы тиіс.