«Отбасы күні» мерекесінде өнегелі әулеттер марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты, елге үлгі болған отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейді.


Шара барысында отбасылар алдын ала іріктелген. Елге үлгі болған әулеттер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Осы орайда, «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын – қоғамға адал қызмет етіп жүрген, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар.


 ДИЛНОРА СҰЛТАННИЯЗОВА - «АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕГЕН ОТБАСЫ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ

«Қазақстанның туын көтеріп, өзіміз жылаған күндеріміз болды. Дубайдан, Болгариядан, Ветнамнан бірінші орын алып чемпион болды. Дастан біздің мақтанышымыз, мақтан тұтамыз. Осының бәрі отбасымыздың арқасында. Мамам бар, папам бар, Дастанның ата-анасының тәрбиесінің арқасында, міне осы күнге, жетістіктерге жетіп отыр».


 «Күміс кереге» номинациясымен – 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. Ал, «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері – 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.


 ӘУЕЗХАН БҮРКІТ - «КҮМІС КЕРЕГЕ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ

«Келіншегім Нұрматова Жадыра Қалыбекқызы екеуміздің отандасқанымызға биыл 25 жыл болды. Сол себепті «Күміс кереге» деген номинацияға қатыстық. Осы байқау туралы Ақтас шағын ауданынның белсендісі Айымбетова Ғалия апамызға алғысымыз шексіз. Және де менің айтарым, аналарға, Аналар кеңесіне, байқауды ұйымдастырушылардың бәріне де шексіз алғыс білдіреміз. Сіздерге деген алғысымыз ерекше. Отбасы – кішігірім мемлекет дейді. Мемлекет әрбір отбасынан құралады дейді. Біздің еліміздің осындай отбасылары молая берсін, көркейе берсін, еліміз гүлдене берсін».


 Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олардың өмірлік ұстанымы - әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт - дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау.