Оңтүстік Корея, Мажарстан және Германия туроператорлары іссапармен Шымкент қаласына келіп, жергілікті туроператорлармен туризм саласындағы ынтымақтастық жөнінде 8 келісімге қол қойды.
Құжаттардың мақсаты – жаңа тікелей әуе рейстерінің ашылуына байланысты туристік байланысты дамыту және осы елдерден Шымкентке туристер тарту. Қонақтарға қаланың туристік нысандары таныстырылды. Делегациялар «VisitShymkent» туристік ақпараттық орталығында, «Shymkent Creative Hub» алаңында, тарихи-мәдени кешен «Shym-Qala» цитаделінде, «Алтын Орда» галереясында және «Сейтжан Қари Есжанұлы» мешітінде болды. Сонымен қатар, Шымкент ипподромында ұлттық ойындар – «Көкпар» мен «Қыз қуу» ұсынылды. Келісімдер Шымкенттің халықаралық серіктестіктерін арттырып, қалаға шетелдік туристерді тартуға мол мүмкіндік береді.