Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындады. Мемлекеттің даму бағытын нақты белгілеп берді. Жолдауда өңдеу өнеркәсібін өркендету, кәсіпкерлікке кең жол ашу, инвестиция тарту, цифрлық экономиканы ілгерілету сынды стратегиялық маңызды міндеттер қойылды.
Осы орайда, облыс басшысының бастамасымен өңірде Жолдауды жүзеге асыруға арналған кең ауқымды мәжіліс өтті. Іс-шараға 100-ден астам жергілікті кәсіпкер қатысып, Президент тапсырмаларын іске асыру тетіктері талқыланды. Облыс басшысы өз сөзінде инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау керектігін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Елімізде шикізат базасы жеткілікті. Оларды терең өңдеу әлеуеті осы саланы толық пайдаланбай отырмыз қазір. Мемлекет басшысы Жолдауда шикізаттық емес секторды дамыту – стратегиялық басымдық екенін қадап айтты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін ілгерілету арқылы біз ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз.
Түркістан облысында инвесторлармен тікелей әрі кәсіби жұмыс жүргізу мақсатында жаңа инвестициялық басқарма құрылған. Бұл құрылым инвесторларға толыққанды сүйемелдеу қызметін ұсынады. Әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды жедел іске асыру, бизнес ортаны жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарады. Жиында сөз алған кәсіпкерлер жолдауды қолдайтындарын жеткізді.
СЫРЫМ ЕРТАЕВ, «NURYM GROUP» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Озық агроэкономикасын құру үшін үкіметке тапсырма берді. Жоспар құру жайлы. Осы жоспарды баршамыз игеріп жоспарларыфмызды кәсіпкерлер анықтауымыз керек. Бұл жайында облыс басшысы жақсылап айтты. Шетелдік инвесторлармен бірлесіп осы саланы дамытуымыз керек.
Президент Жолдауында қозғалған маңызды бастамалардың бірі – цифрлық теңгені енгізу мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бұл бастаманың еліміздің қаржы жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретінін атап өтті. Цифрлық теңге – транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономикамен күресудің тиімді тетігіне айналмақ. Осыған байланысты облыстағы барлық кәсіпкерлер мен қаржы институттарына технологиялық және ақпараттық тұрғыда дайын болу қажеттігі айтылды.