Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен ресми кездесу өткізді. Жүздесуде тараптар екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету жайын сөз етті. Сондай-ақ өңірлік серіктестікті кеңейту жолдарын талқылады.


 Кездесу барысында инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп және туризм салаларындағы ықпалдастықты дамыту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды. Облыс әкімі Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық әлеуеті мен стратегиялық бағыттары жөнінде кең көлемде баяндады. Әсіресе энергетика, туризм, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы жобаларға ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 - Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде елімізде Кореяның алпауыт компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Түркістан облысы Кореяның ірі KITA сауда ассоциациясымен тығыз әріптестік орнатқан. Соның нәтижесінде өңірімізде екі ауқымды жоба іске асырылуда. Сонымен қатар біз білім беру, агроөнеркәсіп және денсаулық сақтау салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға ниеттіміз.


 Кездесу аясында Түркістан қаласында ашылған Woosong IT университеті мен Сайрам ауданында салынып жатқан 1000 МВт бу-газ электр станциясы сынды маңызды жобалар кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы бұл бастамалар екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықтың нақты жемісі екенін атап өтті. Өз кезегінде Корея Республикасының Елшісі Чжо Тэ-Ик ынтымақтастықты нығайта түсуге дайын екендіктерін жеткізді. 


ЧЖО ТЭ-ИКПЕН, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ

Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Сондықтан ынтымақтасты көптеген ірі жобаларға мүмкіндік береді. Түркістан облысында тың серпінді жобалар жүзеге асып жатқанын көріп жүрміз. , Корея тарапының өңірмен арадағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайынбыз.


Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді. Екі жақ та өзара тиімді жобаларды қолдауға және серіктестікті нақты істермен бекемдеуге дайын екендерін атап өттІ.