Шипажайларды дамыту – елге турист тартудың төте жолы. Елімізде денге дауа, жанға шипа сыйлайтын курорттық өңір көп. Соның бірі – оңтүстіктегі Сарыағаш шипажайлары. Минералдық суымен танымал аймақ тек ел аумағында ғана емес, шетелде де белгілі. Алыс-жақыннан ат арытып келетін меймандар көп. Демалыс нысандарында сұранысқа сай сапа, қызығушылыққа лайық қызмет табыла ма? Тілші тарқатады.
Мемлекет басшысы елдегі демалыс аймақтарын халықаралық талаптарға сай ету жөнінде тапсырма берген. Соған орай мемлекет емдік-сауықтыру туризміне айрықша назар аударып, қызмет сапасын арттыруды көздеп отыр. Курорттық нысандардың бірқатары Түркістан облысында орналасқан. Танымалы – Сарыағаш. Алайда аудан шипажайларында шешімін күткен бірқатар мәселе бар. Оны талқылау және шешу жолдарын қарастыру үшін өңір басшысы кеңейтілген жиналыс өткізді. Отырыста саладағы кемшіліктер баяндалып, оларды түзету жоспары жасалды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Нақты ұсыныс енгізіңіздер. Сол бойынша сіздерге бір ай мерзім беремін. Группа жинап, бәрін тексеріп қарап шығыңыздар. Президент күнделікті айтып жатыр туризм мәселесін: тазалығын, ретке келтіруін. Мен сіздерге бес жұлдызды қонақ үй жаса деп отырған жоқпын. Бірақ, тазалық міндетті түрде болуы керек. Сапа міндетті түрде болуы керек.»
Жиынға салаға жауаптылар мен шипажай иелері қатысты. Бұған дейін жүргізілген мониторинг нәтижесінде қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылым және санитарлық талаптарға қатысты кемшіліктер анықталған. Сондай-ақ демалыс аймақтары арқылы табыс тауып отырған кей кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы да назардан тыс қалмады. Жиында аудан әкімі мәселелерді шешіп, саланы дамыту үшін тың идеялар мен жүйелі жоспарлар жүзеге асатынын айтты.
АРМАН АБДУЛЛАЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– Кенттегі шипажайлардың саны 64-ке жетті ресми түрде. Былтыр шипажайларға 150 мың адам келіп демалған болса, осы жылдың 8 айында 100 мың адам емделіп қайтты. «Кентке кіреберістен бастап жолдың екі жақ бетімен Келес өзенінен өтетін көпірді абаттандыру, кенттің қақпасын жаңғырту, келіп-кетуге ыңғайлы автобекет пен саябақтар.»
Жыл басынан бері Сарыағаш ауданына келуші туристер саны 16 мың адамды құрады. Қазіргі таңда ауданда 64 шипажай жұмыс істейді, ал жыл соңына дейін тағы 3 жаңа шипажай іске қосылады деп жоспарланып отыр.