Шымкент келетін туристер саны жылда артып келеді. Өңірдің табиғатын қызықтайтындардан өзге көне ескерткіштер мен гастраномия саласына қызығушылық танытатындар көп. Жыл басынан 243 мыңға жуық адам мегаполистке табан тіреген. Оның 227 мыңы ішкі туризмге келушілер болса, 15 мыңнан астам азамат шет мемлекеттерден келіпті.


Турист санының артуы қаладағы қонақ үйлердің көбеюіне әкеліп отыр. Қазіргі таңда шаһарда 159 орналасу орны тіркелген. Жыл басынан бергі табыс көлемі 6 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ РЕСМИ ӨКІЛ

 2024-2025 жылдар аралығында қалада 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі таңда 7 жоба іске қосылды 2025 жылдың сәуір айында 1 қонақ үй ашылып, жыл соңына дейін 3 қонақ үй іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі – 14,5 млрд.теңге және жалпы тұрақты жұмыс орны – 240 адам. Қалада «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы ашылуы жоспарлануда. инвестиция көлемі – 35 млн доллар, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады.


Бадам су қоймағы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы басталды. Жобаның мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында заманауи және жайлы демалыс ұйымдастыру, ішкі туризмді дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып отыр.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ РЕСМИ ӨКІЛ

Сонымен қатар, 3 сакралды нысанға турникет орналастырылып, 7 туристік нысанға төлқұжат қойылды. Сервисті жетілдіру мақсатында жаңа үлгідегі «4 – SMART» санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды.


Шымкентте 17 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Олардың ішінде Түркістан –Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутты туристер кеңінен қолданып келеді. 2025 жылдың 6 мамырында «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқанд-Шымкент-Алматы» бағытында «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Шымкент қаласында аялдады.