Биылғы жылы жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд 323 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов баспасөз отырысы барысында мәлімдеді. Осы орайда, 20 000 бала спорттық секциямен қамту жоспарланған. Ол 5-пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің жалпы санының 20%-ын құрайды. 


Жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына жыл басынан бері 1330 өтінім түсіп, оның ішінде 113 кәсіпкерге оң шешім берілген. Ал, ата-аналардан жалпы саны 33 864 өтінім түсіп, дәл қазіргі таңда 19 333 бала спорттың 20 түрінен үйірмелерге қатысуда.
Жоба аясында жеке кәсіпкерлерден өтінімнің көптеп түсіп жатқанын жеткізген Ермек Дәрменов, шалғайдағы шағын аудандарға басымдықтың берілетінін айтты. Бұл ретте, басқарма қосымша қаржы сұратпақ ниетте екен.  
Жан басына қаржыландыру жобасы аясында жалпы саны 538 адам жұмыспен қамтылған. Оның 338 жаттықтырушы болса, 200-ге жуығы басқада қызметкерлер. Өткен жылы 16 мыңнан астам бала бос уақытын спортпен шұғылдануға арнаса, келер жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 23 000 баланы (22 %) спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр екен.