«Ұрланған жаңа жыл» атты музыкалық ертегі қойылымы мегаполисте сахналанды. Шымкент жастар театры аутизммен ауыратын және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қайырымдылық жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, рухани қолдау көрсету және жаңа жыл қарсаңында қуанышқа бөлеу. Қайырымдылық іс-шараға аталған орталықта тәрбиеленіп жатқан 100-ге жуық бала қатысты.
АЙҒАНЫМ ҚЫСТАУБАЕВА, «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
Қала әкімінің қолдауымен Жастар театрының ұйымдастыруымен өтіп жатқан қойылымға арнайы шақыртумен келдік. Бұл шара орталықтағы ерекше балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылып, оларға керемет көңіл-күй сыйлады.
Қойылым барысында балалар Аяз ата мен Ақшақарды, сондай-ақ Чики, Чача, Бумбум, Ляля, Уэнсдей, Соник, Гринч және басқа да сүйікті кейіпкерлерді тамашалап, ертегі әлеміне саяхат жасады. Мерекелік бағдарлама интерактивті форматта өтіп, кішкентай көрермендер түрлі ойындарға белсене қатысып, би билеп, ән айтып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Қойылым балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қиялын дамытып, шығармашылық белсенділігін арттырды.
РАСУЛ МЕДЕТОВ, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жаңа жылдық қойылымдардың бір ерекшелігі – бүлдіршіндер өздеріне таныс кейіпкерлерді сахнадан көреді. Қойылымдар әдетте ақылы түрде өтеді. Алайда қала басшысының қолдауымен бүгін ашық есік күні ұйымдастырылды.
Ертеңгілік соңында барлық бала Аяз атадан арнайы жаңа жылдық сыйлықтар алып, шат-шадыман күйде тарқасты. Қуаныш пен күлкіге толы бұл кеш балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Осындай игі бастамалар ерекше балалардың қоғамда өзін еркін сезінуіне, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына зор мүмкіндік береді.