Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында индустриялық аймақ жұмыс істейді. Онда 8 кәсіпорын бар. 700-ге жуық тұрғын екі қолға бір күрек ұстап, жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта тағы 7 өндіріс ошағы іске қосылмақ. Арна тілшісі кәсіпорындарды аралап, индустриялық аймақ өндірісімен танысып қайтқан болатын. Сюжеттен көріңіз.


Индустриялық аймақта шойын мен болат өндіретін, пластикалық өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Соның бірі – CENTRAL ASIA ALUMINUM зауыты. Жылына 5 мың тоннаға дейін өнім шығаратын кешенде алюминидің 100-ден аса түрі жасалды. 200-ге жуық азамат жұмыспен қамтылған.


СЯН ГУАН ЖУЙ, CENTRAL ASIA ALUMINUM ДИРЕКТОРЫ
Қазіргі таңда жылына 3–5 мың тонна аралығында өнім шығарамыз. Алайда, сұраныс болса, өнім көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Дайын өнімдерді негізінен ішкі нарыққа жөнелтеміз. Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан сұраныс мол. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстанға да тауар экспорттаймыз. Өнімдеріміз негізінен есік, терезе және жиһаз өнімдеріне арналған.


Ерлан Егембердиев – зауытта 6 айдан бері жұмыс істейді. Дайын өнімді буып-түйіп, қорапқа салады. Жұмысының маңызы жоғары, қателесуге болмайды. Жұқа материалдың сынып немесе сырылып қалмауы үшін әрбір металды аса ұқыптылықпен орап, нарыққа жөнелтеді.


ЕРЛАН ЕГЕМБЕРДИЕВ, ЖҰМЫСШЫ
Шыққан алюминиді бояуға салады. Бояудан шыққан өнімді біз ораймыз.Жұмыстың қиындығы жоқ. Істеймін деген ниет болса болғаны.


Бадам ауылындағы индустриялық аймақтың аумағы 102,5 гектарды құрайды. Жауаптылар алдағы уақытта кәсіптік аймақ көлемін одан әрі кеңейтіп, өндіріс ошақтарын көбейтуді жоспарлап отыр.


НҰРЛАН ПЕРНЕХАНҰЛЫ, БАДАМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
– Жеті кәсіпорын ашылады деп жоспарлап отырмыз. Онда тағы 500 жұмыс орыны ашылатын болады. Оның екеуі жылдың соңына дейін іске қосылады, қалған 5-еуі келесі жылы ашылады. Одан бөлек, индустриялық аймақ аумағын 500 гектарға кеңейтеміз.