Түркістан қаласында бас шыршаның шамы жағылды. Мерекелік кеште Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ ертегі кейіпкерлері өнер көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шырша жағу рәсімі әсерлі жаңа жылдық отшашуға ұласты. Сонымен қатар, мерекелік шарада елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.


Жаңа жыл қарсаңында Түркістан қаласы ерекше сәнге бөленіп, түрлі жарықшамдармен көмкерілді. Бас шыршаның шамын жағу рәсіміне жиналған көпшілік шат-шадыман күйге бөленді. Шараға қатысқан облыс әкімі еліміз тағы бір белесті еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, тарихта әрбір жылдың орны ерекше. Әсіресе, қастерлі саналатын жылқы жылы елге береке мен жетістіктер әкеледі деген сенім бар. Сондықтан алдағы жылдан толайым табыстар мен барлық салада оң өзгерістер күтіледі. Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін, оның ішінде Түркістан облысы үшін де жарқын жетістіктерге толы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен арнайы заң қабылданып, Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Нәтижесінде өңірдің барлық саласында өсім байқалып, облыс алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосылды. Сонымен қатар, өңірдегі аудан-қалалар дамудың жаңа белесіне көтерілді. Айта кетейік, Түркістан облысында жаңа жылдық безендірулерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жоқ.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мұның бәрі ел игілігі, халықтың қамы үшін атқарылған жұмыстардың оң нәтижесі. Жаңа жыл – көңілді әрі ерекше мереке. Әсіресе, бүгінгі кештің балақайлар үшін орны айрықша. Балаларымыз аман болып, бақытқа кенеле берсін. Баршаңызды жаңа жылмен құттықтай отырып, молшылық, бақыт пен табыс тілеймін.