Ордабасылық оқушылар қысқа метрлі фильм түсіріп, құқықбұзушылыққа қарсы екендерін көрсетті. Аудандық прокуратураның ұйытқы болуымен ұйымдастырылған байқауға аймақтағы 55 мектеп оқушылары қатысқан. Олар зиянды әрекеттерге қарсы ролик жасап, есірткі, лудомания, әлімжеттік сияқты мәселелерді көтерді.

10 сынып оқушысы Сәуле Рысқұлбекова байқауға мектеп белсенділерімен бірге қатысқан. Фильмнің сценарийін жазып, түсірілім жұмыстарын бір апта ішінде атқарған. Жан-жақты ізденіп, тақырыпты терең зерттеген оқушылар ойынқұмарлық мәселесін таңдаған. Ашық дереккөздерге сүйеніп, статистикалық мәліметтерді пайдаланды. Лудоманияның зардабын түсіндіріп, оның залалын көрсетті. Сәуленің командасы жасаған жұмыс бас жүлдені иеленді.

СӘУЛЕ РЫСҚҰЛБЕКОВА, ОҚУШЫ
 – «Лудомания – адамның ойынға деген тәуелділігі.»– «2025 жылдың статистикасына сүйенсек, 500 мың адам тіркелген. Бұл ҚР азаматтарының 3 пайызын құрайды.»– «Барлығымыз атсалыстық. Мектеп парламентінің мүшелері.»

Жас сценаристерді марапаттау рәсімі сахналық қойылыммен басталды. Онда жеткіншектің теріс жолға түсіп, ойынқұмарлыққа салынуы көрсетілді. Мәдениет үйінің қызметкерлері осы арқылы жас шәкірттерге лудоманның өкінішін және құрдымға кеткен тағдырдың тауқыметін ұғындырды.

Байқауда 55 мектеп оқушылары бақ сынады. Ешбірі марапатсыз қалмады. Аудан билігі мен заң өкілдері әрбір қатысушыға ынталандыру сыйлығын тағайындап, арнайы номинация берді. Басты мақсат – жас буынды жігерлендіріп, шығармашылығын шыңдау, құқықтық сауатын арттыру.

АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Бұл жастарымыздың құқықтық сауатын арттырып, өз ұстанымын ашық жеткізе алатын азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.»

Аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен жарыстың негізгі мақсаты – «заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету. Заң өкілдері осы бағыттағы жұмыстарын жетілдіріп, аймақ тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Жастар құқыққорғаушылармен бірге қоғамдық мәселелерге көзқарас білдіріп, шешім жолдарын іздеді.

ЕРЛАН МҰСАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Нәтижесі өздеріңіз көріп отырғандай, қылмыстық статистика төмендеп отыр.» «Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.»

Іс-шара барысында мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетіп, ән салды. Сахналық қойылым көрерменге ой тастап, зиянды әрекеттердің теріс нәтижесін түсіндірді.