Түркістанда өнеркәсіп өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға артқан. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4%-ды құрап, өңір республика бойынша 3 орынды иеленді. Атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде айтылды.


 Өңір басшысы Нұралхан Көшеров экономикалық көрсеткіштер мен индикаторларды сапалы орындау – басты міндет екенін жеткізді. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына 2025 жылға бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Аудан, қала әкімдері әрбір көрсеткіш жайында статистика департаментіне толық ақпарат ұсынуын тапсырамын. 2025 жылға бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырамын. Жыл қорытындысымен бекітілген индикаторларға толық қол жеткізбеген әкімдерге тиісті тәртіптік шара қолданылатынын ескертемін.


Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысымен облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Макроэкономикалық көрсеткіштер өз межесіне жеткен.


 ҚАНАТ ҚАЙЫПБЕК, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Отырар ауданында өсім қарқыны қамтамасыз етілмеді. Қалған аудандардың барлығында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі нақты 665,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 110,9 пайызды құрап, жоспар бойынша толық орындалды.


Мәжілісте облыс бюджетінің игерілу барысы да сараланды. 2025 жылдың 11 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және бюджеттің игерілуі мәселелері талқыланды.