Түркістанда «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Медициналық мекеме менталды бұзылыстары бар балаларды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

 Мұнда бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан 4 аудан мен қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Тарихи Түркістан қаласы, Түркі әлемінің астанасы, тағы бір әлеуметтік нысанмен толығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде «Қамқорлық» жаңа арнаулы әлеуметтік орталығы ашылып отыр.

Жоба бірыңғай стандарттар негізінде жүзеге асырылып, тұрақты әлеуметтік нәтижеге бағытталған. Бұл – елде инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған «Самұрық-Қазына» қорының жүйелі жұмысының бір бөлігі.

ҒИБРАТ АУҒАНОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеу ерекше жауапкершілік. Уақытылы диагноз қою, білікті дәрігер табу, кезек күту сияқты қиындықтарға ата-аналар тап болады. Бүгінгі ашылған орталық осы мәселелерді азайтып, балалар мен олардың ата-аналарына кешенді көмек көрсетеді.

Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық-интеграция бөлмелері бар. Сонымен қатар робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.