Түркістан қаласында «Жүректерге жылу сыйлаған» ерекше форматтағы жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. Бұл игі шара Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен, ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығы аясында жоғары деңгейде өткізілді. Мерекелік кешке барлығы 85 бала қатысты. Олардың қатарында ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндер, аз қамтылған отбасылардан шыққан және қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар бар.
Кеш барысында балаларды Аяз ата мен Қарша қыз қарсы алып, көңілді аниматорлармен бірге жасыл шыршаны айнала билеп, шаттыққа толы сәттерді бастан кешірді. Балалардың шат күлкісі мен қуанышқа толы жүздері кештің шынайы көркін аша түсті. Әрбір бүлдіршін өзін ертегі әлемінде жүргендей сезініп, жаңа жылдық ғажайыпқа сеніммен қарады.
Балалардың жүзіндегі қуаныш, көздеріндегі шаттық пен таңданыс айрықша байқалды. Әрбір бүлдіршін өзін ерекше сезініп, қамқорлық пен мейірімді шын жүрегімен қабылдады. Өз кезегінде ата-аналар да осындай жүрекке жылу сыйлаған кешті ұйымдастырған жандарға алғыстарын айтып, балаларға көрсетілген қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді.
Мерекелік концерттік бағдарламада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, тақпақ оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кеш балалар үшін тек мереке ғана емес, мейірім мен қамқорлықты сезіндірген, жүректерінде ұзақ сақталатын жарқын естелікке айналды.