Түркістан қаласында Энергетиктер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, облыстың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер марапатталды.
Энергетика – өңірдің тұрақты дамуын айқындайтын маңызды бағыт. Облыста бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерге жарық пен жылудың үздіксіз берілуі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандардың толыққанды қызмет атқаруы – сала мамандарының қажырлы еңбектерінің арқасы.
ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Энергетика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, жаңа қуат көздерін дамыту – негізгі стратегиялық міндет екенін атап өтті.
Мерекелік шарада өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек адамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілері де осы жиында үлестірілді.
ҒАНИ БЕРДІБАЙҰЛЫ, ШАРДАРА СУ-ЭЛЕКТРО СТАНЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Осы салада жүргеніме 15 жыл болды. Осы жерде жас маманнан бастадық. Қазір бөлім басшысы болдым.
Марапатталған азаматтардың қатарында электргаз дәнекерлеуші, инженер, тас қалаушы, менеджер, қосалқы станция қызметкерінің аға шебері, сылақшы-бояушы, электрослесарь, оператор сияқты еңбек адамдары бар.
ДҮЙСЕНБАЙ СЕЙІЛБЕКОВ, КЕЛЕС АУДАНДЫҚ «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ» МЕКЕМЕСІНІҢ МАМАНЫ
Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС осы жылы инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 6 дана 110-35 кВ-тық қосалқы станция, 357 шақырым электр желісіне, 89 трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
Түркістан облысында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Биыл Төлеби, Жетісай аудандарында инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған 110 киловолттық «Алатау», «Жетісай» қосалқы станциялары іске қосылды.