«Ысырапшылдық – қоғамның дәйекті дамуына кедергі». Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі осындай тақырыпта өңірлік форум өткізді. Жиында энергияны үнемдеу, ысырапшылдықтың алдын алу, оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қалдықтардан жасалған бұйымдардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Өңірлік форумға Алматы, Шымкент қалаларынан және Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облысынан Аналар кеңесінің төрайымдары шақырылды. Олар қоғамда үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және рухани құндылықтарды нығайту мәселелерін көтерді.
ЗУЛЬФИЯ ХУСЕЙНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Көп адам ысырапшылдықты жанның жомарттығымен, кеңпейілділікпен шатастырып жатады. Әсіресе той саласындағы ысырапшылдық жиі айтылады. Той жасап жатқан адам өзін қайырымды іспен айналысып жатырмын деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл көбіне артық шығынға әкеледі. Мысалы, Өзбекстанда бұрын 500–700 адамға дастархан жайып той жасалатын. Қазір ол елде асты-төк той жасап, көп адам шақыруға тыйым салынған. Бізде де бұл мәселені заң жүзінде қолға алу қажет шығар. Дегенмен ысырапшылдықты түп-тамырымен жою мүмкін емес деп ойлаймын.
Көп жағдайда ысырапшылдық асты-төк той жасаумен ғана байланыстырылады. Алайда электр энергиясы мен суды үнемдеу, қоқыс қалдықтарына екінші өмір беру де табиғи ресурстардың мезгілінен бұрын таусылуына жол бермейді. Үнемшілдік мәдениеті экономиканың өркендеуіне ықпал етеді.
ГҮЛНАР ЖОШЫБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Шын мәнінде ысырапшылдық ырысты азайтады. Тәрбие балабақшадан емес, алдымен отбасынан басталады. Ата-ана балаға үлгі болып, ысырапшылдыққа жол бермеуі керек. Үйде суды қалай үнемдеу, электр энергиясын қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсету маңызды. Бұл тәрбие балабақшада, мектепте, колледждерде жалғасын табуы тиіс. Аналар кеңесі бүгін Шымкент қаласында соның үлгісін көрсетіп отыр. Біз тыйым салудан бұрын, қалай дұрыс әрекет ету керектігін қоғамға түсіндіруіміз қажет. Өзіміз үлгі болып, осындай бастамалармен жұмыс атқарсақ, оның пайдасы болатынына сенемін.
Пленарлық отырыс қорытындысында жиынға қатысушылар қоғамды үнемшілдікке, жауапты тұтынуға және рухани құндылықтарды сақтауға үндейтін Үндеу қабылдады. Сондай-ақ форум аясында өңірлерден келген Аналар кеңесінің мүшелері мегаполистегі бірқатар тарихи және мәдени орындарды аралап, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысты.