Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысын қарап шықты. Мердігер ұйымға барлық жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар мен жол қозғалысына келетін қолайсыздықты азайту міндеті қойылды.
Бұдан бөлек «Оңтүстік» индустриялық аймағы үшін бу құбырын салу жұмысын тексерді. Жобаның іске асырылуы сенімді инженерлік инфрақұрылым құруға, индустриялық аймаққа инвестиция тарту мүмкіндігін арттыруға және өндірістік кәсіпорындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның инвестиция тартудағы және өндірісті дамытудағы маңызын ескере отырып, мердігер ұйымға жұмысты жеделдетіп, белгіленген кестеден бұрын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, Елaман шағынауданындағы жаңа қоғамдық кеңістік құрылысымен танысты. Нысан жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынды. Алаңда жаяу жүргіншілер жолы мен 4000 шаршы метр көгал төселіп, 300 ағаш көшеті отырғызылды және орындықтар орнатылды. Балалар үшін ойын және воркаут-алаңы салынды. Әрі қарай Қарабастау тұрғын алабында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің халық игілігі үшін салған спорт кешенін аралады. Кешенде футбол алаңы мен әкімшілік ғимарат бар. Нысан тұрғындардың спортпен айналысуы және белсенді демалуы үшін толықтай дайын. Бадам тұрғын алабында салынған балалар ойын алаңының да құрылысын тексерді. Алаңда орындықтар орнатылып, сыртқы жарықтандыру қамтамасыз етілген. Сондай-ақ воркаут және мини-футбол алаңы бар. Аралау соңында «Әл-Фараби» КММ-не барып, арнайы техника мен қарды тез тазалауға арналған инертті материалдардың қорын тексерді. Қалада тазалықты сақтау үшін коммуналдық қызметтердің тиімді ұйымдастырылуы мен дайын болуының маңызын атап өтті.