Биыл Шымкентте 1 328 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде мегаполис көшелерінің саны 6 882-ге жетіп, жалпы ұзындығы 3 846 шақырымды құрады. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 64%-ға, ал жол ұзындығы 18,4%-ға артқан. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл қаладағы 6 714 көшенің 4 686-сына жарық шам орнатылып, Шымкент көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылды. Айта кетейік, 2023 жылы көрсеткіш небәрі 30 пайызды құраған еді. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру мақсатында былтыр 50 тротуарға, ал биыл тағы 201 аяқ жолға жарық шам қосылған. 1 000 шақырым жол таңбалары сызылып, 3 шақырым дыбысты жолақтар жасалған. Кептелісті азайту үшін де жүйелі жұмыстар атқарылған.
СПИКЕР: РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Кептелістерді азайту мақсатында 98 бағдаршамға интеллектуалды көлік жүйесі қосылып, 32 қиылысқа бағдаршамдар орнатылды.»
«Аккумуляторларды жаңартып, қиылыстарға қосымша 82 бағдаршам орнаттық. Бұл негізінен көлік қарқыны көп жерлерге қойылды. Өйткені жарық өшсе, ол жерлерде кептеліс көбейеді.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Шаһар аумағында 83 бағытта 988 автобус жолаушы тасымалдайды. Былтыр олар 80 млн адамды тасымалдаса, биыл 86 млн азаматқа қызмет көрсеткен. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайыздық өсім тіркелді.
РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «2024 жылы 19 автобус сатып алынса, биыл 88 автобус сатып алынып, көрсеткіш 4,6 есеге артқан.» «Көбінесе тұрғындардан арыз түседі. “Автобустар жарты жолдан газ құюымыз керек деп қайтып кетеді” деген. Осы мақсатта “Shymkent Bus” компаниясы өз есебінен газ құю бекетін орнатты. Енді мұндай мәселелер сейілетіні сөзсіз.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Қаладағы халықаралық әуежайды дамыту бағытындағы жұмыстар да атқарылып келеді. Естеріңізде болса, былтыр «SCAT» әуе компаниясының есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынған болатын. Бұрынғы терминалдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құраса, жаңа терминал 2 000 жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Мәселен, 2024 жылдың 11 айында Шымкент әуежайы арқылы 1,1 млн жолаушы ұшып-қонса, ағымдағы жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 1,9 млн жолаушыға жеткен.