Шымкентте мемлекеттік тілге немқұрайлы қараған 20 кәсіпорын жауапқа тартылды. Қазіргі таңда қалада ана тіліміздің мәртебесін нығайтуға бағытталған жоспарлар жүйелі түрде атқарылып келеді. Бұл жайлы бүгін өткен баспасөз отырысында баяндалды.


Биыл шаһардың мәдени өмірі жаңа белеске көтерілді. Қалада өткен шаралар тек өнер мен шығармашылықты дамытумен шектелмей, мемлекеттік тілдің насихатталуына елеулі үлес қосты.


БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Тіл туралы заңға байланысты жазылу мәселесі бар. Біз талаптарды ескермеген адамдарға хаттама толтырамыз. Оны орындамаған жағдайда айыппұл салуға құқығымыз бар.  Қазір қаламызда көп жарнамалар мен тақтайшалар өзге тілде жазылады. Біз оларға ескертпе жасаймыз.


Жыл ішінде шаһарда 2500-ден астам мәдени шара өткен. Айрықша жобалардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл байқауы, «Шымкент сазы», «Сөз маржаны» жыр-терме кештері, «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы және республикалық «Күміс қалам», «Күміс домбыра» байқаулары бар.


БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Биыл бізге бюджеттен 15 млрд 61 миллион теңге қаралды. Қазіргі таңда 13 млрд 549 миллион теңге толық әрі мақсатты түрде игерілді.



 Өнерпаздар қаланың мәдени имиджін әлемдік деңгейде танытты. Жастар театры Алжирде өткен фестивальде Гран-при жеңіп алса, опера және балет театры Қытай мен Жапонияда жүлделі орындарға ие болды.