Шымкентте 301 жалпы орта білім беру ұйымы бар. Онда 277 мыңнан аса оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 9-сыныпты 23 843, 11-сыныпты 15 639 түлек тәмамдады. Оның 650-і «Алтын белгі» иегері атанса, 1 200-ге жуық шәкірт «Үздік» аттестат алды. Биыл 17 300 орынға лайықталған 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 100 мыңға жуық оқушы мемлекет есебінен ыстық тамақпен қамтылды. Білім саласында тағы қандай өзгерістер бар? Қанат Жолдасбек тарқатып баяндайды.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Жаңа оқу жылында әлеуметтік аз қамтылған 63 894 оқушыға тегін мектеп формасы берілді. Демеушілер тарапынан тағы 150 шәкіртке мектеп сөмкесі мен қажетті құрал-жабдықтар үлестірілген. Мегаполисте 15 мыңнан аса ерекше білім беруді қажет ететін оқушы бар. Оларға 25 арнайы ұйым қызмет көрсетеді.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Алты жалпы білім беретін мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл кабинеттерде арнайы мамандардың қатысуымен балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген білім беру процесі ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, арнайы мектеп-интернаттарда пандустар орнатылып, ішкі инфрақұрылым толық бейімделді. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың мектеп кеңістігінде еркін қозғалуына мүмкіндік береді.»

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 білім беру ұйымы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ 17 мектепке қосымша ғимараттар бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы екі нысанның құрылысы аяқталады, дейді сала басшысы.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Бұдан бөлек, бес мектептің қосымша ғимаратының құрылысы басталды. Негізгі жұмыстар 2026 жылы аяқталады. Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2025 жылы 10 білім беру ұйымында жөндеу жүргізіліп, оған 9,3 млрд теңге бөлінді.»

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл 12 мектептегі 51 жаңа модификацияланған кабинетке 695 млн теңге бөлініп, сыныптар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында жалғасып, білім басқармасының басшысы журналистер жолдаған сауалдарға жауап берді.