Түркістан қаласында Мәдениет үйінің ұжымы қаланың кішкентай тұрғындары үшін арнайы ертегі қойылымын ұсынды. Мәдени шара бүлдіршіндерге жаңа жылдық сый болды. Сондай-ақ, қала кәсіпкерлері ерекше балалар үшін айрықша шара өткізді. Оған әлеуметтік есептегі бүлдіршіндер қатысып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Кеш барысында балаларды Аяз ата мен Қарша қыз қарсы алып, көңілді ертегі кейіпкерлерінің өнерін тамашалады. Қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі шарасын балалар мен ата-аналар асыға күткен.
Ал арнайы ойын-сауық орталығында өткен шарада жергілікті кәсіпкерлер балалар үшін сыйлықтар дайындаған. Түрлі аниматорлармен көңілді уақыт өткізген балақайлардың қуанышы ерекше болды.
Мерекелік концерттік бағдарламада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, тақпақ оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кеш балалар үшін тек мереке ғана емес, мейірім мен қамқорлықты сезіндірген, жүректерінде ұзақ сақталатын жарқын естелікке айналды.