Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.


 Комиссия отырысында өңірдің әлеуметтік маңызы бар салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Комиссия отырысында өңірдегі апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің жағдайы, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер де қаралды. Бұл жөнінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы баяндама жасап, тұрғын үй қорының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Ал құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы Құрылыс басқармасының басшысы мәлімет берді. Ол мемлекеттік құрылыс жобаларын іске асырудағы ашықтық, сапа және мерзім мәселелеріне тоқталды. Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша нақты тапсырмалар беріп, алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейтуді, бақылау мен есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Құқық қорғау органдарының басшылары да тиісті ұсыныстар беріп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.