Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық іс-шара өтті. Басты мақсат - ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсету. Сондай-ақ инклюзивті мәдениетті дамыту, – дейді ұйымдастырушылар.
Мерекелік кешке 70-тен астам ерекше бала қатысты. Олар облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгінушілер. Іс-шара барысында балаларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Жігері мұқалмаған ерекше балалар өнер көрсетіп, көңіл көтерді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйледі. Аймақ басшысы ерекше балаларды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
— «Облысымызда балаларға арналған 5 оңалту және 6 „Қамқорлық“ орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді.» «Құрметті жас достар! Бүгінгі іс-шара сіздер үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Жаңа жылда армандарыңыз орындалып, жетістіктеріңіз еселене берсін!»
Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақардың жаңа жылдық құттықтауымен жалғасты. Мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Облыс басшысы ерекше балаларға сыйлықтар үлестірді.