«Бар мәселені жасырмай, шешілу жолдарын қарастыру керек». Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің инфрақұрылым саласына жауапты мамандарға осындай ескерту жасады. Өңір басшысы кейбір ауылдарға газ тарту жұмыстарының кешеуілдеуін қолдан жасалған кедергі деді. Сондай-ақ, жұмысты жүйелі түрде атқара алмайтын тұлғаларды заң аясында жауапқа тарту керектігін де айтты.


Түркістан облысында 2021 жылға дейін құрылысы аяқталып, әлі күнге дейін газға қосылмаған нысандар бар. Олардың қатарына Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Сайрам аудандары кіреді. Облыс әкімі аяқталып тұрған жобаның соңына дейін жеткізілмеуіне жауаптыларды кінәләді. Оның сөзінше, мәселеге бетпе-бет келместен, проблеманы айналып өткісі келетіндер бар.
Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлінген. Оның 70-і жыл соңына дейін аяқталса, 31-і келесі жылға өтпелі. Бұл жоспарды орындау барысында қателіктер жібермеуге шақырды аймақ басшысы. Сонымен қатар, аудан әкімдерін көктемде өздерін сергек сезініп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Айта кетсек, жыл соңына дейін Түркістан облысында 50-ден астам ауылды газбен қамту жоспарланған. Жоба іске асса өңірдің 62,7 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді деген сөз. Қазіргі таңда, бұл көрсеткіш 55,8 пайыз шамасында.