Шымкент қаласындағы спорттық гимнастика кешенінде  республикалық ашық чемпионат өтті. Дүбірлі дода даңқты гимнастшы, Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы Нелли Кимнің бапкері Владимир Байденді еске алуға арналған. Сайысқа елімізбен қатар көршілес Ташкент қаласынан спортшылар келіп, жалпы 200-ге тарта гимнастшы қатысты.

Қазақ спортының тарихында алтын әріппен аты жазылып қалған Мюнхен және Мәскеу олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Нелли Ким осы спорт кешенінен тәрбиеленіп шықты. Оны әлемге сай етіп тәрбиелеген бапкері Владимир Борисович Байденнің еңбегі де аңыз болып қалды. Тіпті шет елдің атақты бапкерлерінің өзі осы Шымкент қаласына келіп бапкер Байденнің методикасын  зерттеген екен. Мұны жарыстың басы қасында жүрген оның жары Галина Баркова арнайы атап өтті.  

Галина Баркова

В.Байденнің жұбайы, спорттық гимнастикадан еңбегі сіңген жаттықтырушы
- Ия, біз ең алғаш Шымкентке келгенде барлық мектептерді аралап  150 ге тарта жастарды жинадық. Сол жастардың арасынан суырылып алға шыққан бірден бірі Нелли Ким болды.Біз Нелли Кимнің олимпиада төрінен көруге бар куш жігерімізді салдық. Нәтижесінде Ресей, Беларус, Украина т.б елдердің бәрін жеңіп жеңімпаз атанды.

Спорттық гимнастикамен айналысу аса қажырлылықты талап етеді және онымен тұрақты айналысып 12 жасыңнан олимпиада ойындарына қатыса беруге болады. Әрбір құралды меңгерудің өз қиындықтары бар. Сондықтанда гимнастшы тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар, өз шәкіртінің әрбір элементтерін қалт жібермей бақылап тұруы керек.

Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан мен Өзбекстан құрамасына мүше спортшылар сурылып алға шықты. Шымкенттік гимнастшылар акробатикалық жаттығуларда жоғары ұпайға ие болды.

Спорт шеберлері арасында және спорт шеберіне үміткерлер  арасындағы жаттығулардың өзіндік ерекшеліктері бар. Жасөспірімдер арасындағы жарыстың өз талаптары болады. Жерлестерімізге Нелли Кимнің жолын берсін.