Нағыз қазақ, қазақ емес – нағыз қазақ, домбыра! 1 шілде елімізде домбыра күні болып осыдан 5 жыл бұрын белгіленді. Міне, сол уақыттан бастап арнайы күннің аясында ұлттық аспабымыз ұлықталып келеді.
Тамыры тарихқа терең жайылған домбыра аспабы сонау, қазақ хандығынан үш мың жылдай уақыт бұрын дүниеге келген деген аңыз бар. Ерте заманда қос ішектің құдіреттілігімен Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін Кетбұға жырау «Ақсақ құлан» күйін шертумен естірткен. Шертпе өнерінің ежелгі сарыны ұлтымыздың санасынан өшпеу үшін тер төгіп, арда күйдің мың толғауын біздің қолымызға аманаттаған - Әбікен, Сүгір, Аққыз, Мағауия, Сүйінбай, Жамбыл, Құрманғазы мен Дина сынды саңлақтардың аты алашпен бірге мәңгі жасамақ. Ал, Франция елінің төрінде қасиетті домбырамен Әміре Қашаубаевтың ән салып бүкіл әлемді аузына қаратқаны бүгінгі ұрпаққа аңыз болып айтылып жүр. Шертпе ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді, алдыңғы буын ағалардың ізін Мұхамеджан, Дәулетбек сынды күйшілердің артынан бүгінде Базаралы, Саян, Сәрсенғали, Шыңғыс, Асылбек сынды қазақтың нар тұлғалы жігіттері жалғастыруда. Ал, қара домбыраның үнін қазіргі заман талабындағы музыкамен үйлестірген «Ұлытау» тобы дүине жүзіне қазақ домбырасының үнін паш етіп жүр. Қасиетті қара домбыра – қазақтың рухы мен болмысы десек артық айтпағанымыз болар.
Г.Асқарқызы