Еңбек еленсе, қуанамын! Журналистердің жұмысы бағалануы керек. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы Абай Балажан осылай дейді. Күні кеше ел Президентінен БАҚ саласындағы сыйлығын алып келді. 40 жылда журналистика қалай өзгерді? Тілшінің бәрі оппозиционер болуы керек пе? Әлде сынап-мінемей, мемлекеттің идеологиясын ғана таратуға тиіс пе? Бел ортасын қалай табамыз?

Абай Балажанның ұғымындағы шындық біреу. Елге адал қызмет ету. Осы жолда аянбай тер төгу ғана.

Оның журналистика саласында жүргеніне 40 жыл болды. Жарты ғасырға жуық уақыттағы еңбегінің бағаланғанына қуанады, әрине. Бұл ұжымның жетістігі деп отыр. Ал журналист биліктен сыйлық алса, сынай алмай қалады деген қате ұғым.

 Шындық деген өткеннің орағын, кеткеннің кетпенін тартып алу емес. Жөн-жосықсыз шенеуніктерді жамандау да емес. Ақиқат – халықтың ішінде жүріп, мұңын жеткізу. Мемлекетті насихаттау арқылы дамуына ықпал ету. Себебі, инвесторлардың мемлекетке қаржы салар тұстағы басты ескеретіні – баспасөзде жарияланған ақпараттар. Имидждің маңызы сонда.

 Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы үшін сәтті мереке болды. Президент сыйлығынан бөлек, Бас редактордың орынбасары «Қазақстанның құрметті журналисі» атанған. Ал бөлім меңгерушісі «баспасөз саласының үздігі» атағына ие болып отыр.

Айта кету керек, Абай Балажанға Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы өңірлік журналистикаға қосқан сүбелі үлесі үшін берілді. Ал белгілі журналист, білікті басшының өзі бұл Түркістан облысының журналистика саласына берілген баға деп қабылдайтынын жеткізді.


Лаура Сарман