Аптап ыстықта ағаштар суды көп қажет етеді. Ал, Шымкенттегі дендросаябақтағы жағдай қазір қалай? 117 гектар аумақты алып жатқан бақтағы ағаштарға су қайдан беріледі? Жауаптылар көктемде 17 су ұңғымасын қазамыз, жасыл желекті шөлдетпейміз деген еді. Сол ұңғымалар қазылып па екен?

«Дендробақтың суару жүйесін қалыпқа келтіреміз, ағаштарды қуратпаймыз». Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері осылай деп уәде берген еді. 40 жылдан бері ағаш суаруға және өзен арнасын толтыруға пайдаланылған каналдың кей жері бүлініп, қирай бастаған болатын. Қазіргі таңда улкен магистралды арнаның 11 шақырымы қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Жөндеу жұмысы аяқталса судан тапшылық болмайды дейді жауаптылар.  

Сонымен қатар саябақта 17 су ұңғымасын қазу көзделген. Қазіргі таңда оның төртеуі қазылып, су шыққан. Бұл 35 гектар аумақты толық суаруға мүмкіндік беріп отыр.    

Сонымен қатар Дендробақта Қазақстанның қызыл кітабына енген және әлемде сирек кезедесетін өсімдіктердің түрлері өседі. Мамандар қалыптасқан жағдайды толық анықтау үшін кешенді сараптама жүргізіпті. Енді Қарағандылық мекеме 1 қыркүйекке дейін саябақта қанша ағаш және қандай түрлері барын анықтайды. Сондай-ақ мұндағы  топырақтың құнарлығын зерттеп анализ жасайды. Одан соң Шымкенттік мамандар саябақты дамыту үшін тиісті шара көреді.