Жаз - төтеншіліктер үшін күрделі кезеңнен бірі. Себебі, осы мезгілде суға түсу маусымы басталып, өрт жағдайы жиілеп кетеді. Сонымен бірге тағы бір қауіпті жағдай – балалардың терезеден құлау фактісі. Жыл басынан бері Шымкентте осындай бірнеше дерек те тіркелген. Арасында адам өлімімен аяқталғаны да бар. Үйдегі, яғни терезеден келетін қауіп қандай? Қайтсек, балалардың қауіпсіздігін толық қамти аламыз?
Осы мақсатта Әл-Фараби ауданы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар тұрғынүйлерді аралап, сақтық шараларын ескертті.
Терезеден құлау фактісінің тіркелуіне бірден бір себеп – балалардың қараусыз қалып қою дейді мамандар. Терезенің жанында жиһаздардың тұруы - балаға оны оңай ашып алуына мүмкіндік береді. Маскит торына сенуге мүлдем болмайды, ол баланы қорғамайды, керісінше терезеден құлап кетуіне ықпал етеді. Себебі, бала оған сүйеніп, өзін қауіпсіз сезінеді. Сол сәтте москит торымен қоса, бала құлап кетуі мүмкін.
Басқарма қызметкерлері терезелерді бірнеше сантиметрге ашуға мүмкіндік беретін арнайы құлыптармен жабдықтаған жөн дейді. Темір торларды қойғанда өрт кезінде оңай ашылатындай арнайы механизммен жабдықталуы керек.
Мамандар балаңызға терезеден даланы көрсеткенде, «оны құрғақ қолмен» ұстауға кеңес береді. Өйткені балалар өте белсенді, тез қозғалады, сондықтан осы сәтте кішкентайыңызды мықтап ұстаңыз. Балаңызды киімнен ғана ұстау дұрыс емес, - дейді. Егер бекіту және қауіпсіздік жабдықтарын орнату мүмкін болмаса, онда тұтқаларды бұрап, жоғары көтеріп қою керек.
Есіңізде болсын! Ата-аналардың өз балаларына деген қырағы көзқарасы ғана қиындықты болдырмауға көмектеседі.