«Мүгедекпін» деп мүжілмейді. Шымкентте көз ауруына шалдыққан еңбекқор жігіт миллиондап табыс тауып отыр. 21 жастағы Бекжан Нұрадиннің дерті айыпқас ауруға жатады. Соған қарамастан, интернет платформасын табысты кәсіпке айналдырыпты. Қазір оның қызметіне жүгініп, қомақты қаржы ұсынатындар көп екен.
Бекжан Нұрадинге микрофтальм диагнозы қойылған. Туабітті дерті оның қоғамның тең мүшесі болуына кедергі келтірген жоқ. Жоғары білім алып, арнайы курстарда тәжірибе арттырды. Соның арқасында әлеуметтік желінің қыр-сырын жақсы меңгерді. Қазір ютуб платформасында контент жасап, танымал каналдарға техникалық қолдау көрсетеді.
Бекжанның мұқалмас мықты жігері ертеңіне деген үмітін бір сәтке де сөндірген емес. Сондықтан туа бітті дертіне шипа іздеп елдегі жетекші клиникаларға жиі қаралып тұрады. Үміт аз, бірақ сенім мол. Көзі көрмесе де ешкімнің көмегіне жүгінбей, тағдырластарына үлгі болғысы келеді.
Әлеуметтік желі ақпарат алмасу құралы ғана емес. Дұрыс қолдана білгенге табысты кәсіп. Бекжан Нұрадин, алғашында іскерлік келісім жасасып, кездесу үшін мүгедектігіне қымсынатын. Ал қазір керісінше білікті маманға түрлі ұсыныс көп. Олармен білімін бөлісуге еш тартынбайды.
Өмірге құштар, еңбекке епті азаматтың айнымас адал достары да көп. Кейбір ауқымды жобаларды солармен бірлесіп, үлкен істің үдесінен шығуға ұмтылады. Ал олар зағип болса да заман сұранысына бейімделген досының еңбекқорлығына тәнті.
Бекжан Нұрадин жоғары оқу ордасында «Журналист» мамандығы бойынша білім көкжиегін дамытуда. Дипломын қолға алғаннан кейін өзі сияқты тағдыр тауқыметін тартқан жандардың жігерін жанитын арнайы репортаждар мен көркем фильмдер түсіргісі келеді. Ал дайын өнімді интернет қолданушыларына қызықтыру негізгі кәсібі.