Түркістан облысы бойынша соңғы 4 айдың ішінде 11 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан. Оның 900-і мерзімінен бұрын өмірге келгендер. Ал шала туған шақалақтарда туа бітті ақауы бар диагноздар көптеп кездеседі. Енді мұндай жағдайға түскен отбасылар Алматы мен Астана сынды үлкен қалаларға сабылмайтын болады. Түркістан облыстық №2 және Шымкент қалалық №1 Перинаталды орталықтары цитогенетикалық зерттеулерге арналған заманауи технологиялармен толықты.
№2 Перинаталдық орталығына қойылған бұл құрылғы жүктіліктің ерте кезінде анықталатын Даун, Патау, Эдвардс, Шерешевский-тернер және Клайнфельтер синдромдары сынды туа бітті потологияларды анықтайды. 80 миллионға жуық қаражатқа бағаланған зертханалық жабдық арқылы жыл соңына дейін 500-ден аса болашақ ана тереңдетілген скринингтен өте алады.
ГҮЛШАРА АБИЛЬДИНОВА, ҚР ДСМ БАС ШТАТТАН ТЫС ГЕНЕТИГІ
Бұл құрылғы өз кезегінде Нобель сыйлығын алған болатын. Бұрындары жүкті келіншектер генетикалық талдауларын тапсырып қойып, оның нәтижелерін 2- 3 ай күтіп, уақыт өткізіп алатын. Ал, бұл құрылғы небәрі 30 минуттың ішінде анықтап береді. Яғни, 14 аптаға дейін барлық сарапатамаларды талдаудан өткізіп, баланың генетикалық ақауы бар, не жоғын анықтап, дер кезінде қажетті скринингтен өтуге мүмкіндік ала алады.
Ал, ерте туған сәбилердің 36 пайызында Ретинопатия диагнозы анықталады. Ол көру қабілетінің жоғалуына әкеліп соғуы мүмкін. Енді су жаңа жабдықтармен ерте бастан диагностикалау арқылы бұл қауіптерді азайтуға мүмкіндік туып отыр. Қалалық перинаталды орталығына қойылған «Әлемді көремін» жобасын іске асыруға 26 700 000 теңге жұмсалыпты.
САЛТАНАТ ҚАЗЫБАЕВА, «БІРІНШІ БОЛУ - БАТЫЛДЫҚ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Біз былтырдан бастап ауқымды деңгейге шығуды көздедік. Әсіресе, жаңа туған сәбилердің мүгедектігін азайтуға басымдық бердік...Жыл сайын мыңдаған Алматы Марафон атлеттері жүгіріп, еліміздегі жақсы өзгерістерге көмектесіп отырады. Біздің жабдықтарымыз алғашқы күннен бастап жұмыс істеп келе жатқанына және дәрігерлер кішкентай қазақстандықтардың, бәлкім болашақ белсенді марафоншылардың денсаулығын сақтауға көмектесетініне сенеміз.
Бұл AYALA қайырымдылық қоры мен «Бірінші болу-батылдық» корпоративтік қорларының алғашқы жобалары емес. Неонтологияға маманданған Қазақстандағы жалғыз ұйым – «Аяла» 18 жылдың ішінде 2,8 млрд теңгеден астам қаржы тартып, еліміздегі 67 бала реанимациясын заманауи жабдықпен қамтамасыз еткен.